На?ыз ?аза? ?аза? емес, на?ыз ?аза? — домбыра


«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!»
(Сахна залында домбыра үніндегі қазақ күйінің орындалуы естіліп тұрады)
Армысыздар, қадірменді көрермен! Өнер сүйер қауым және көрермен төрінен орын алған құрметті қонақтар!
Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?!
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесін,
Саусағым тиіп кетсе ішігіңе!
Бүгінгі «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы домбырашылар сыныбының ашылуына 10 жыл толу мерейтойына арналған «Домбыра дастан» атты концерттік бағдарламаны тамашалауға қош келдіңіздер!
«Екі ішектің бірін қатты , бірін сәл-пәл кем бұра,
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» – деп, қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырзалиев ағамыз жырлап кеткендей қазақ халқының Жер шарындағы мекендеген басқа ұлт өкілдерінен ерекшелігі, ол – өзінің ұлттық музыкасының болуы. Домбырада асқақтата ән салып, күмбірлете күй төккен өнерпаз халқымыздың асылынан артық, қастерлеп үкі таққан, жалғызындай аялап қақ төріне ілген ең қымбат, ең сүйікті музыкалық аспаптардың бірі – домбыра. Ол - қазақ ұлтының тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, ел басына қатер төнген тұста да көңіліне жұбаныш бола білген алып та, ұлы аспап.
Қазақ халқының асыл мұрасы – күй өнері. Өз заманында жарыққа шыққан қазақ күйлері халқының күнделікті өмірімен біте қайнасып, ауыздан-ауызға тарап, қолдан-қолға көшіп біздің заманымызға жетті. Халқымыз жан сарайының көңіл күйі мен асыл арманын, қоғамға деген көзқарасын домбыраның қос ішегі арқылы жеткізе білді. Күй жанрының басқа өнер саласынан ең басты айырмашылығы – адам баласы ауызбен айтып, бояумен бейнелеп бере алмайтын табиғаттың тылсым сыры мен сұлулығын музыка ырғағымен үндесе білуінде.
Жас жеткіншектерді домбырада күй орындауға үйрету сабақтарын ұйымдастырып өткізу еліміздің барлық жерінде қолға алынғалы қашан. Осындай домбыра аспабында күй орындауды үйренем деуші таланты бар өнерпаздарымызға арналып, «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының қақ төрінен домбырашылар сыныбы ашылған болатын. Биыл міне, арада бірнеше жылдарды артқа тастап, осы домбырашылар сыныбының ашылғанына 10 жыл толып отыр. Алғашқы бір-екі жыл жас талапкерлерді үйретумен өтсе де, кейін дарынды балғындарымыздың өрісі кеңейіп, дүйім жұрттың алдында өз өнерлерін көрсете бастады. Сондай-ақ, домбырада күй төгілтуді шебер орындауға машықтанған талантты өнерпаздарымыз еліміздің әр жерлерінде өткен түрлі жарыстарға қатысып, алдыңғы қатардағы орындардан табылып жатты. Мәселен, домбыра сыныбынан тәлім алған 2012 жылы Арнур Тлеутаев Алматы қаласында ұйымдастырылып өткізілген «Күншуақ» атты тоғызыншы Халықаралық фестиваль – байқауының кіші тобына қатысып, жүлделі екінші орынды иеленсе,46-жас музыканттар арасында өткен облыстық байқауда дипломантының лауераты атанады. Алматы қаласында ұйымдастырылып өткізілген «Күншуақ» атты тоғызыншы Халықаралық фестиваль – байқауының жоғарғы тобында бағын сынаған Аманжол Турабаев екінші орын алды.
2013-2014 оқу жылында Қыдырмурат Айдана мен Кален Ақниет Республикалық «Рауан» фестиваль-байқауында орта топ домбырашылар сайысында екінші орын алды.
2014 жылы алтыншы халықаралық «Ғұмырдария» жасөспірімдер және балалар шығармашылығы байқауында Казимова Лаура екінші орын алды.2015 жылы Тлеутаев Арнур «Еуразия жұлдызы» халықаралық шығармашылық жобасымен Қарағанды қаласында өткен «Шығыс жұлдызы» балалар, жасөспірімдер және ересектердің Халықаралық сайысында бірінші орынды иеленіп, айды аспанға шығарды.
(Музыкалық пауза)
Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра! Тыңдамағын.....
Біз «Күй атасы – Қорқыт» деп, айтсақ та өнер зерттеушілері Қорқытқа дейінгі кезеңде күйдің «өмір сүргендігін» дәлелдейді. Көне күйлердің әуен-сарыны ертедегі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Көк түрік елі және тағы да басқа тайпалар өмірінен бастау алатынын алға тартады. Бұған мысал ретінде халық күйлері «Аққу», «Кеңес», «Боз айғыр» және басқа да туындыларды келтіреді. Осы аталған туындылардың ішіндегі «Кеңес» күйінің орындалуы жаныңды баурап алатыны сөзсіз.
Ардақты ағайын және жиналған қауым! Бүгінгі біздің домбырашылар сыныбынан сабақ алған «Балбырауын» атты домбыра ансамблінің балғын жеткіншектері халықтың осы «Кеңес» күйімен көпшілік алдында өз өнерлерінің бет-пердесін ашқалы тұр. Халық арасында «Күй басы – Кеңес» деген сөз бар. Қазақтар ежелден ел ішіндегі түйткілді мәселелерді билер кеңесі арқылы шешіп отырған. Ірі жиындарға халық күйшілері де қатысқаны белгілі. Халық күйі «Кеңес» осындай тарихи жағдайда пайда болған екен.
Сөз реті келіп тұрғанда айта кетерлік жәйт, 2010 жылы көрші Қытай елінің Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданында мекендейтін қазақтардың он мыңнан астам өнер сүйген домбырашылары бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындап шығуы бүкіл Жер шарына тарап кетеді. Іле-шала Тәуелсіз Қазақстан жеріне көрші Қытай Халық Республикасы елінен халқымыздың ұлттық музыкалық аспабы – домбыраның Гиннестің рекордтар кітабына енгендігі жөніндегі сүйінші хабар жетеді.
Тайпалап жорға болып салдырған күй,
Мейірін тыңдағанның қандырған күй.
Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,
Аққуды аспандағы қондырған күй.
Сахнада «Балбырауын» домбырашылар ансамблі. Халық күйі «Кеңес». Қол соғып, қошеметпен қарсы алайық!
Көпшілікке танымал «Ерке сылқым» күйінің бар екенін білесіздер! Осы күйдің авторы, қазақ халқының күйші, композиторы Әбдімомын Желдібаев күй тақырыбын қыз бен жігіттің шынайы сүйіспеншілік махаббатына арнаған. Кейінде «Ерке сылқым» күйінің шығу тарихын еске алған күйші Әбдімомын ақсақал: «....Мен шын махаббатты домбыраның жүрек қылын шертетін әуенімен ғана жеткізуге болатынын сездім. Қазақтың қыздары қандай әдемі.
Жүрісі, тұрысы, қылықтары қандай. Еркеліктері де өздеріне жарасады. Бұл күй барша қазақ қыздары образдарының жиынтығы. Мен соларды жеткізуге тырыстым» - деп, жүрекжарды лебізін жеткізеді.
Құрметті көрермен! «Ерке сылқым» күйінің құрметіне 2011 жылы Жамбыл облысының Шу қаласында ескерткіш орнатылды.
«Күйге адалдық пен тазалық керек. Осы екеуі болмаса тыңдаушылардың жүрегіне жетпейді. Күйлерімді жүз рет толғанып, қырық рет толғатып барып шығарамын. Мен өзім бітті деген жерден бітеді. Ізденісім сонымен тоқтайды. Сыншылардың тісін батыра алмай жүргені де содан болар» - деп, қадап айтады күйші Әбдімомын Желдібаев.
Ендігі кезекте, сіздердің назарларыңызға «Балбырауын» домбырашылар ансамблінің орындауындағы осы күйші, композиторы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін ұсынамыз!
Қазақтың қоңыр домбырасының шанағынан төгілген күй қашанда тыңдаған адамның жанын баурайды, жүрегін тебірентеді. Халқымыздың рухани қазынасына айналған құдыретті күй өнерлерінің жауһарлары ғасырдан- ғасырға жалғаса беретін ұлттық құндылығымыздың бірегей екені анық.
Ендігі тамашалайтын күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың «Балбырауын» күйінен Ұлы Даланы мекен ететін бостандық сүйгіш елінің бейнесін байқауға болады. Атақты күйшінің «Балбырауын» күйі атының өзі меңзеп көрсетіп тұрғандай «балбырау», «балбырату», «босаңсу», «елжіреу» деген мағынаны білдіреді.
Атақты күйші Құрманғазының осы «Балбырауын» атты күйін біздің «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Балбырауын» домбырашылар ансамблінің орындауында тамашалап көрсек қалай болады екен?!
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін сезбес едім, - деп қазақтың ақ иық ақыны Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің біріндегі ұйқастарына келтіргеніндей, «Балбырауын» домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Балбырауын» күйінің орындалуын бірге тамашалап көрейік! Қарсы алыңыздар!
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге,
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?... , - деп, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлең шумақтарында жазылып кеткендей, күйші Дәулеткерей Шығайұлының «Қыз Ақжелең» атты күйі оның тұрмыстық жанрдағы әйел-ана бейнесін жасаған шығармасы. Күйдің пайда болуына себепші – Бөкей өңірінде Ақбала деген қыз домбырашы болыпты. Дәулеткерей сол қыздың ескіліктің шырмауында қалып қоймай, оның домбыра ойнау шеберлігімен ерекше көзге түсетіндігіне қарап, риза болса керек. Дәулеткерей Ақбала қызға бірқатар күй тыңдатып, көңілін көтереді. «Қыз Ақжелең» үш нұсқада тартылады. Оркестрде жеке домбырада бір нұсқасы ғана орындалып жүр. Бұл күйде барлық «Ақжелеңге» тән ықшамдық, көңілділік басым. «Қыз Ақжелең» күйі шабытты, шаттыққа толы би ырғағына негізделген лирикалық шығарма.
Құрметті өнер сүйер қауым! Сіздердің алдарыңызда Дәулеткерейдің күйі «Қыз Ақжелең». Орындайтындар: Мағжан Қасқырбаев, Аяулым Орынбасар, Роман Левшин және Мақпал Нурасылова.
Кемеңгер ұлы ойшыл Абу Насыр Әл-Фараби бірде: «Адамзатқа тән ерекше бір қасиет – өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету» - деген болса, ұлы ақын Абайдың есімін Жер жаһанға әйгілі еткен ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй!» - деп, қазақтың киелі күй өнеріне осылай баға берген болатын.
Ендігі кезекте, «Балбырауын» домбырашылар ансамблінің орындауындағы попури, яғни домбыра аспабындағы түрлі күйлердің орындалуын тамашалайтын боламыз!
Домбыраға бар таңым,
Күйге толы әр таңым.
Мен осылай сезініп,
Мен осылай тартамын!
Қадірменді көрермен қауым! Фортепианоның сүйемелдеуімен орындалатын қазақ композиторларының шығармалары бір музыка мектебін бітіріп шығуға жетерліктей.
Халық күйлері мен халық әндерінің музыкасын бастама ретінде оқушыға үйретіп барып, оның көпшілік алдында әдемі нақышына келтіріп орындап шығуын қолға алуды ең жақсы әдістемелік үрдіс деп білеміз. Қазіргі тыңдап көріп тамашалайтындарыңыз қазақ халқының « Жайдарман» әнінің музыкасы. Орындайтындар: фортепиано сүйемелдеушісі Елена Николаевна Волкова және домбырада аспабында келешегінен көп үміт күттіретін талантты өнерпаздарымыздың бірі - Маржан Алшымбекова. Қарсы алыңыздар!
Қаршыға Ахмедьяров күйші домбырашы, Қазақстанның халық әртісі. Бойында Сейтектің сынығы мен Махамбеттей батырдың өрлігі бар Қаршығаны өнер сүйер қауым «Күй қаршығасы» деп те атайды екен. Күйші Қаршыға қасиетті қара домбыраны қолына қару етіп, құдыретті өнер жолында аянбай тер төккен жан. Күйшінің «Желдірме», «Қыз ғұмыр», «Сағыныш», «Нұрғиса» сынды біз білетін күйлерінің қатарынан «Ақ қайың» күйі де кем түспесі анық.
1981 жылы Америка елінің Нью-Йорк қаласында өнер көрсеткен «Ақ қайың» күйінің авторы Қаршыға Ахмедьяровты жиналған қалың көпшілік сахна төрінен жібермей, орындарынан түрегеліп тұрып, қол соға қошемет білдірген екен.
Құрманғазы мен Дина туып өскен топырақтан нәр алып өскен күйші Қаршыға өзінің дара талантымен, айрықша қабілетімен «Қазақтың дәстүрлі 100 күйі» музыкалық антологиясын әзірлеуге өлшеусіз үлес қосты.
Танымал күйші Қаршыға Ахмедияровтың салып кеткен сара жолын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру – біздің парызымыз!
Сіздердің назарларыңызға күйшінің «Ақ қайың» атты күйін ұсынамыз. Орындайтын домбырашылар сыныбының дарынды талант иесі - Серік Ибадуллаев. Қарсы алайық!
Ендігі тыңдап, тамашалайтындарыңыз күй анасы Дина Нұрпеісовадан кем түспейтін күйші Аққыз Ахметқызының күйі – «Қосбасар». Аққыздың шын есімі – Мүгілсім. Ол - Тәттімбеттің күйшілік дәстүрін жалғастырушы. Осы біз жайлаған Арқа өңіріне танымал күйші, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының әртісі Мағауия Хамзин осы аты аталған күйші Аққыз Ахметқызының шәкірті. Аққыздың «Қайран елім», «Жетім қыз», «Қосбасар» сияқты күйлері – өзіндік нақышы бар шығармалар. Күйшінің «Қосбасары» бірде халық күйі, бірде Тәттімбеттің күйі деп аталып жүрді.
Аққыз қартайып күш-қуаты кеткен күнге дейін қолынан домбырасын тастамады, бекзат мінезімен халқының шексіз махаббатына бөленді. Дина Нұрпейісова күйлерінің қоңыр үнімен қамкөңіл қазақтың намысын жанып, жігеріне жігер қосты десек, Аққыз күйші болса қазақ даласының мәңгілік еркіндігін жырлай білді. Оның жүректің қылын шертерлік сырлы шертпелері сахараны азат күй үнімен тербеді.
Күйлердің сөзін ішіп сорғалатқан,
Бармақтап бал тамызып, жорғалатқан.
Тәтті күй – жанның тілі, жігер, қайрат,
Қазағым, мақтана бер, соны тапқан.
Аққыздың «Қосбасарын» орындайтын домбырашылар сыныбының бетке ұстар өнерпазының бірі - Мағжан Қасқырбаев. Қабыл алыңыздар!
Шертпе күй сөз болғанда алдымен аузымызға күйші Тәттімбеттің аты алынады. Тәттімбет күйлері сырлы жылы сезімге, тебіреніске және толғанысқа толы. Тәттімбет күйлерінің тақырыптары сан қырлы. Келесі сіздердің назарларыңызға ұсынылытын күйшінің «Сылқылдақ» күйі бейне бір махаббат жыры іспетті. Қыз бен жігіттің әдемі отырысы, бір-біріне еркелей үн қатуы, жайдарылық ойнақылық аңғарылады. Ендеше, күйші Тәттімбеттің «Сылқылдақ» күйін тамашалауға шақырамыз! Орындайтын Нурасилова Мақпал.
Күй – қазақтың жансерігі, мұңдасы және сырласы. Қазақ күйінің ғажаптығы сол – ол өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жетелейді. Адам боп өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылысты күшейтеді. Күй тыңдап, күйді түсінген жан жамандыққа, арамдыққа, қулық-сұмдыққа аттап басып бара алмайтыны анық. Күй құдіреті дегеніміз осы!
Құрметті өнер сүйер қауым! Қазақта «Жүз естігенше, бір көрген артық!» деген бір тамаша сөз бар. Бүгінгі біздің долмбырашылар сыныбының ашылуына он жыл толу мерейтойлық «Домбыра – дастан» концерттік бағдарламаның мақсаты домбырашылар сыныбындағы жас өрендеріміздің шығармашылық қабілетін асқақтату, сондай-ақ қазақтың аспаптық музыкасын терең түсінетін, құрметтейтін, өресі биік, халқымыздың ұлттық домбыра аспабын қастерлейтін және қазақтың күй өнерін дәріптей білетін ұрпақ тәрбиелеу болғандықтан, бүгінгі домбыра сыныбының талантты күй орындаушылырының өнері өз жемісін берді деп білеміз! Қазақта «Жүз естігенше, бір көрген артық!» деген сөз бар.
Қазақ домбырасының түп тамыры көне замандардан бастау алады. Көне түрік дәуірінен бері талай ғасырлардың талқысынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып жеткен домбыра – қазақ халқының баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарының бірі болып табылады.
«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй». М. Әуезов
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге,
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?... Абай Құнанбаев
Екі ішектің бірін қатты , бірін сәл-пәл кем бұра,
Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Қ. Мырза Әли
Күй атасы Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісованы күй орындау шеберлігіне үйреткенде: «Домбыраны қолыңа алғанда, оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал, Міне, осындай дайындықтан кейін ғана домбыра тартуға кіріс!» - деп, өсиет айтқан екен
Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра! Тыңдамағын..... І. Жансүгіров
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің әсері бар. А. Құнанбаев
Абай Құнанбаевтың күйлері: «Май түні», «Торы жорға», «Майда қоңыр» және «Абай желдірмесі».
«Адамзатқа тән ерекше бір қасиет – өзін қоршаған дүниенің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ету». Әл-Фараби
«Күйге адалдық пен тазалық керек. Осы екеуі болмаса тыңдаушылардың жүрегіне жетпейді. Күйлерімді жүз рет толғанып, қырық рет толғатып барып шығарамын. Мен өзім бітті деген жерден бітеді. Ізденісім сонымен тоқтайды. Сыншылардың тісін батыра алмай жүргені де содан болар» Ә. Желдібаев
Тайпалап жорға болып салдырған күй,
Мейірін тыңдағанның қандырған күй.
Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,
Аққуды аспандағы қондырған күй Бұл да Ілияс Жансүгіров өлеңінен
«Әнге әуел, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге құштар болып өседі». М. Әуезов
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін сезбес едім М. Мақатаев
Домбырада туыс үн
Домбырада тынысым
Егіз ішектен шығады
Дүниенің дыбысы
Отырғанда оңаша
Домбыра бір тамаша
Тілін тапсаң, егіз ішек
Мәз болады балаша
Нәзік саусақ икемді
Таба білсе күй-кенді
Шертпе күй мен төкпе күй
Шымырлатар жүйкеңді Қ. Мырза Әли
Күйлердің сөзін ішіп сорғалатқан
Бармақтап бал тамызып, жорғалатқан
Тәтті күй – жанның тілі, жігер, қайрат
Қазағым, мақтана бер, соны тапқан Иса Байзақов
Майысып қос ішегіңе күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің
Ризамын сені маған сый еткенге Ж. Нәжімеденов
Домбыраға бар таңым
Күйге толы әр таңым
Мен осылай сезініп
Мен осылай тартамын! Қ. Мырза Әли
Қазақ халқының музыкалық аспабының саласы сан ғасырлар бойы қаншама тарихи кезеңдердің рухани нәрін бойына жинап, өзіндік айрықша үнмен, өзгеше нақышпен, шебер шыңдалып, кемел дамып, ұлттық дара сипатта қалыптасты. Домбыра – қазақ халқының ең сүйікті ұлттық аспабы. Домбыра музыкасы тарихы халықтың тарихымен тығыз байланыста дамыды. Олар табиғат, адам туралы өмірлік тәжірибені жеткізе отырып, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп отырды.
Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?!
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесін,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе! Қ. Аманжолов жырлағандай қазақ халқының Жер шарындағы мекендеген халықтардан ерекшеліктерінің бірі, ол – һзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға мұра болып қалған, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бқл өнердің бір шыңы – домбыра күйлері.
Домбыра – қазақ халқының ең сүйікті ұлттық аспабы. Домбыра музыкасы тарихы халықтың тарихымен тығыз байланыста дамыды. Олар табиғат, адам туралы өмірлік тәжірибені жеткізе отырып, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп отырды. Ұлттық домбыра аспабының қазақ халқының руханиятында алар орны ерекше. Қазақ домбырасының түп тамыры көне замандардан бастау алады. Көне түрік дәуірінен бері талай ғасырлардың талқысынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып жеткен домбыра – қазақ халқының баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарының бірі болып табылады.
Домбыра қазақ халқының жан серігі, жан сезімі. Домбыра көшпелі елдің көне шежіресі, қазыналы қарияның көкірек күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Қазақ халқының талай ғасырлық ғұмырында сүйеніш бола білген домбыра қастерлі де киелі аспап. Саусақ ішегіне тиіп кетсе, сөйлей жөнелетін құнды жәдігер домбырамыздың ғұмыры мәңгі болмақ.
Киелі күй өнері – халқымыздың рухани құндылығының маңызды бір саласы. Ол ұлтымыздың байырғы және бүгінгі мәдениетімен тығыз байланысқан.
Күй – тамыры терең бәйтерек!
Күй – көненің күмбірі.
Күй өнері Қорқыт атадан бастау алады. Оның шығармаларын бізге жеткізген Ықылас болатын. XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген Құрманғазы,Ықылас, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір, Тәттімбет сынды күйші-композиторлар (дарын иелері) қазақтың ұлттық күй мәдениетінің жан-жақты дамуына мол үлес қосты.
Қазақ тарихында аты аңызға айналған Қорқыт бабамыздың болғаны белгілі. Бүгінгі күнге жеткен халық ән-күйлерінің қай-қайсысын алсақ та Қорқыт атадан кейінгі дәуірде дүниеге келген туындылар.
Күй XIV ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасты. Күйлер мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Онда халықтың басынан өткен тауқыметі мен әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезімі терең толғаныспен өрнек-бояуын тапты.
«Ерке сылқым» күйінің шығу тарихы жайында осы аталмыш күйдің авторы, қазақ халқының күйші, композиторы Әбдімомын Желдібаев былайша еске алады: «Біз де бүгінгі жастардай жігіт болдық.
Бойдақтық өмірді бастан кештік. Ауылдағы топ қыздардың арасынан жар таңдадық. Бұл күйдің кейіпкері өмірде бар. Қайтейін, тағдыр бізді бір-бірімізге қоспады. Соңғы рет кездескенде мен: «Бәрібір менің саған деген махаббатымды ешкім де өшіре алмайды» - деген едім. Жас ұлғайып, шау тартты демесең, ол ауылда аман-есен жүр.Көңіл шіркін қартаймайды екен.Сол махаббатым қыз кеөінде қандай еді! «Толған айға» теңесем де, «ашылған гүлге» теңесем де сөзбен айтып жеткізе алмайтын секілді болып, сенделіп ұзақ жүрдім. Ақыры оны тек күйдің жүрек қылын шертетін әуенімен ғана жеткізуге болатынын сездім. Сол сезім жанымды жаулап алды. «Ерке сылқымның» әуенін тапқанша жиырма жыл уақытым кетті. Қазақтың қыздары қандай әдемі. Жүрісі, тұрысы, қылықтары қандай. Еркеліктері де өздеріне жарасады. Бұл күй барша қазақ қыздары образдарының жиынтығы. Мен соларды жеткізуге тырыстым. Әрі жігіттік сөзімде тұрдым. Енді оны ешкім де өшіре алмайды. Егер махаббатыма деген сезімім жалған болса, қазақтың қыздарын өзгелерден артық көрмесем мұндай күй тумас та, елдің игілігіне айналмас та еді» - деп жеткізеді.
«Ерке сылқым» күйінің құрметіне 2011 жылы Жамбыл облысының Шу қаласында ескерткіш орнатылады.
Қазақтың күй өнері туралы сөз қозғағанда А. Жұбановты айтпай кету мүмкін емес. Ол қазақ күйлерін зерттеп, ұлттық өнер ретінде қалыптастыруда елеулі еңбек сіңірді. Күйді нота арқылы оқып-үйренудің негізін қалады. Оның домбырашылардың басын құрап, қазақ ұлттық-аспаптар оркестрін құруы қазақ өнеріндегі ірі оқиға болып саналады.
«Домбыра – көшпелі елдің көне көз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», - деп А.Жұбанов айтқандай, қазақтың музыка мәдениеті тарихында домбыра ел ішінде көп таралған екі ішекті, шертіп немесе қағып ойнайтын музыкалық аспап ретінде ертеден белгілі болған.
«Домбырам – мұрам, ал балам?
Мүлкім осы қалдырған.... ,-деп, Жамбыл атамыз жырлағандай домбыра өзінің қарапайым құрылымы мен кең тараған аспап, әрә қазақ баласының өмірлік серігі, өнер тарихының шежіресі - ұлтымыздың төлқұжаты.
Мақсаты: Домбыра сыныбындағы оқушылардың өнерге, домбыра аспабына деген қызығушылықтарын арттыру, күй тақырыбындағы білімдерін толықтыру, байыту және ой-өрісін кеңейту.


Приложенные файлы


Добавить комментарий